14 шіл, 2021 сағат 00:31

Токиода АҚШ пен Ұлыбританиядан келген 4 олимпиада қызметкері қамауға алынды


Полиция Токио Олимпиадасына жұмыс істеу үшін АҚШ пен Ұлыбританиядан келген төрт электрик кокаин қолданды деген күдікпен қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Кyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Екі британдық және екі америкалық Жапонияға ақпан-мамыр айлары аралығында Токио ойындары өтетін орындардағы электр генераторларына техникалық қызмет көрсету үшін келген. 

Полицияның хабарлауынша, 2 шілдеде төртеуі де кешкі сағат 20.00-ден бастап ел астанасындағы Роппонги ауданы орталығындағы барда ішімдік ішкен. Одан шыққаннан кейін, күдіктілердің бірі рұқсатсыз жақын маңдағы пәтерге кірген. 

Тәртіп сақшыларының сөзіне қарағанда, төртеуіне жүргізілген есірткі сынағы кокаин қолдануды анықтады.

Сейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Олимпиада министрі Тамайо Марукава: «егер олардың қылмысы расталса, бұл ойындар имиджіне нұқсан келтіретін оқиға. Бұл шынымен де өкінішті»,- деп атап өтті.

Күдікке ілінгендердің төртеуі де Токиода орналасқан Aggreko Events Services Japan, шетелдік электр генераторлар фирмасының жергілікті еншілес кәсіпорнының қызметкерлері.

Компания бұлардың қызметінен босатылғанын хабаарлады.

Ойындарды ұйымдастырушылар Aggreko Events Services Japan компаниясына алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмауды ескертті.