Бүгін Италияның Триест қаласында су добынан Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы Венгриядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ойын барысында венгриялық ватерполшы қыздардың басымдығы айқын аңғарылып тұрды.
Бірінші кезеңде венгриялықтар 7:2, одан кейін 6:3 есебімен жеңді.
Үшінші және төртінші кезеңде олар 5:1, 5:0 есебімен тағы да басымдық танытты.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы қарсыласына 6:23 есебімен есе жіберді.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық ватерполшы қыздар В тобында сынға түсіп жатыр.
Қарсыластары - Грекия, Венгрия және Израиль құрамалары. Бүгін Грекия мен Израиль ватерполшылары да шеберлік байқасады.
Кеше құрамамыз Грекиядан 5:13 есебімен жеңіліп қалды.
Енді қазақстандық спортшылар 21 қаңтарда Израильмен ойнайды. Ал Грекия мен Венгрия өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетелік, Қазақстан құрамасы Олимпиадада екі мәрте бақ сынады. Атап айтқанда, 2000 жылы - 6, 2004 жылы - 8 орын алды.