14 мам, 2026 сағат 19:05

Тоқаев пен Ердоғанға Қазақстан мен Түркияның бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инвестициялық жобалар туралы ақпарат алды деп хабарлайды Ult.kz.

Мәліметке сәйкес, Абай облысында түркиялық Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр. Ал İskefe Holding Алматыда желатин өндірісін іске қоспақ.

Сонымен қатар, Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алған.

Логистика саласында S Sistem Lojistik Қазпошта акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр.

Сондай-ақ Tiryaki Holding Астана қаласында бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кіріскен.

Ресми мәлімет бойынша, аталған жобалар аясында Қазақстан экономикасына 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бүгінде түрік компанияларының қатысуымен Қазақстан экономикасының түрлі салаларында жалпы құны шамамен 4 миллиард доллар болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тағы 50 бірлескен жоба пысықталып жатыр. Олардың жалпы құны 4 миллиард долларға бағаланып отыр.

Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды.