Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ұлттық және одақтық онлайн сауда алаңдарын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Онлайн сауда мемлекеттер арасындағы шекараны «өшіріп», дәстүрлі дүкендерді нарықтан ығыстырып жатыр. Бізге де ұлттық және одақтық сауда алаңдарын құру керек деп есептеймін. Халықтың онлайн саудаға деген сенімін арттыру маңызды. Бұл тауарлардың қауіпсіздігімен байланысты мәселелерді шешуді, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ, салықтар мен кедендік баждар төлемінің толымдылығын қажет етеді. Сондықтан электрондық сауданы дамыту жөніндегі комиссия жұмысында осы мәселелердің бәрін ескеру тиімді болады деп топшылаймын», - деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ әріптес елдердің экономикасының дағдарыстан кейінгі қалпына келтіретін қуатты әлеуетке ие екеніне сенім білдірді.
