Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ashyq қосымшасы арқылы анықталатын тәртіп бұзушыларға ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол Ashyq жобасы өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Қосымшаның арқасында пандемия кезінде 9 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмысы істеп жатыр.
"Республика бойынша 4 миллионнан астам қолданушы тіркелді. Алайда осы жоба кейбір адамдардың өз статусын біле тұра, санитарлық талаптарды сақтамай жүргенін көрсетті. Сәуір айынан бері Ashyq арқылы 9,6 мыңнан астам адамның карантин режимін бұзғаны анықталды. Олардың жартысы - ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткендер. Дәл осы адамдардың тобы халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отыр ", - деді Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда үкімет басшысының орынбасары Ashyq қосымшасы арқылы анықталған тәртіп бұзушыларға айыппұл салынатынын еске салды. Заң бойынша оның көлемі 30 АЕК – 87 510 теңгені құрайды.
"Бүгінде 19 адамға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді. Олардың ішінде 5 адамға айыппұл салынды. Осы жұмыс жалғаса береді. Барлық тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деп атап көрсетті Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары коронавирус жұқтырған және науқаспен байланыста болған адамдардың үйден шықпауға міндетті екенін ерекше атап өтті.