28 жел, 2019 сағат 12:47

Тірі қалған екінші ұшқышқа күрделі ота жасалды

Әуе апатында жарақат алған екінші ұшқыштың жағдайы ауыр. Бұл туралы дәрігерлер мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екінші ұшқыштың жағдайы ауыр. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан келген әріптестерімізбен бірігіп омыртқасына күрделі ота жасалды. Ол әлі наркоздан есін жия қойған жоқ. Ота сәтті жасалды», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова.

Оның айтуынша, бұл ауруханада ұшақта бортсерік болған қыз да жатыр. Оның жағдайын дәрігерлер орта деңгейде деп бағалап отыр.

Ал борт командирі оқиға орнында көз жұмған болатын.

Айта кетейік, кеше таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумақта арнайы комиссия жұмыс істеуде.