22 шіл, 2024 сағат 16:44

Тина Канделаки енді Қырғызстанға шүйлікті


Фото: Надежда Стрелец / YouTube

Ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қырғызстанды "русофобия" бар деп айыптады, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат"

Тина Канделаки Қырғызстан астанасы Бішкектегі Панфилов дивизиясының мұражайы ғимаратының бұзылуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ғимаратты қалпына келтіру мүмкіндігі болған, бірақ Қырғызстан билігі бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сондай-ақ, Канделаки Қырғызстанда "русофобияның" бұрыннан қалыптасқанын мәлімдеді.

"Батыс сценарийшілері Мәскеу үшін жанын қиған дивизия туралы естелік Қырғызстанда болмауы керек деп есептейді. Елдегі русофобияның негізі бұрыннан қалыптасқан... Біз мұны Украинадан, Қазақстаннан және Армениядан байқадық, ал қазір Қырғызстанда көрініс тапты", – деп жазды Канделаки.


Канделакидің пікірінше Қырғызстан билігінде Батыстың ұсынысымен Совет Үкіметі тарихтын өшіріп жатқан көрінеді.

"Біздің ортақ өткенімізді алып тастап, орыстарға деген өшпенділікпен алмастыратын басқарылатын саясаткерлер тобы көптен бері отыр. Ал бәрі - ескі мұражайдан басталды", - дейді Тина Канделаки.


Өткен аптада Қырғыз билігі Иван Панфилов атындағы Әскери даңқ мұражайы орналасқан ғимараттың республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінен шығарылатынын хабарлады. Осыған байланысты, билік ғимаратты бұзып, оның орнына жер сілкінісіне төзімді заманауи ғимарат салуды ұсынды.

Тележүргізушінің сөзіне Қырғызстан президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің меңгерушісі Дайырбек Орынбеков жауап берді.

"Құжатта ғимараттың сейсмикалық нормаларға сәйкес келмейтіні көрсетілген. Ғимаратты одан әрі пайдалану адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Оны қалпына келтіру мүмкін емес", – деп жазды Дайырбек Орынбеков әлеуметтік желіде.


Дайырбек Орынбеков Тина Канделаки тарихты оқыса пікірі 180 градусқа өзгеретінін айтты.

Айта кетейік, тележүргізушінің Орта Азия елдерін айыптауы алғаш емес, ол биыл ақпан айында Қазақстанды "орыс тілін ығыстырып отыр" деп айтыпаған. Бұл қоғамда резонанс тудырып, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: "Канделаки Қазақстанға келе қоймас, келсе де кіре алмайды" дегенді айтқан еді.