Фото: ашық дереккөз
TikTok платформасы Қазақстан халқын ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі саналатын Домбыра күнін атап өтуге шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Биыл мереке 6 шілдеге сәйкес келіп отыр. Осыған орай TikTok қазақстандықтар арасында арнайы науқан бастады. Пайдаланушылар #домбыракүні хэштегі арқылы ұлттық аспапта орындаған өнерлерін видеомен бөлісе алады, сондай-ақ елдің түкпір-түкпіріндегі басқа да дарынды домбырашылардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар TikTok LIVE ресми аккаунтында 4 шілде күні тікелей эфирде онлайн-концерт өтеді. Желі қолданушыларына дәстүрлі күйлер, авторлық композициялар және күтпеген каверлер ұсынылады. Онлайн кеште Ками Кернай мен Жақсылық Мұхамеджанов өнер көрсетеді.
TikTok платформасы мерекеге арналған арнайы парақшаны іске қосып, қолданушыларды өз шығармашылықтарын кеңінен таныстыруға ынталандыруда. Домбыра тек музыкалық аспап қана емес, ғасырлар бойы қазақ халқының поэзиясын, ой-арманы мен рухани дүниесін жеткізген мәдени мұра. Бүгінде оның үні сахнада да, отбасылық дастарханда да, TikTok платформасында да жаңғырып келеді.
Домбыраның TikTok-тағы танымалдығы күн санап артып келеді. Қазіргі таңда #домбыра, #домбра, #dombra және #dombyra хэштегтерімен 64 мыңнан астам бейне жарияланып, олардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Ең танымал домбырашы-креаторлардың қатарына @amandyk.kuandyk, @zhakso, @a.akhmetova, @kamikernai сынды аккаунттар енеді. Бұл авторлардың жалпы аудиториясы 1 миллионнан асып, 17,9 миллион лайк жинаған.
TikTok платформасы домбыраны жаңа буынмен қайта табыстырып, оны мәдени жаңғыру мен шығармашылықтың символына айналдырып отыр. Платформада өнер көрсететін креаторлар арқылы ұлттық аспаптың үні әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, Қазақстанның мәдени бейнесі жаһанға кеңінен таныстырылуда.