Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-ракеткасы Александр Бублик Санкт-Петербург АТР 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы қалада туып-өскен А.Бублик алғашқы айналымда рейтингте 221-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен күш сынасты.
Бірінші партияда америкалық спортшы 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк жасаған ол басымдылығын таныта алды – 6:2.
Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, мәселе тай-брейкте шешілді. Тай-брейкте Бублик сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық теннисші кездесудегі алғашқы брейгіне қол жеткізді. Содан кейін матчты эйспен түйіндеді – 6:4.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 2 минутқа созылды.
А.Бублик ойын барысында 25 эйс жасаса, қарсыласы алтаумен шектелді.
Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-інші, осы доданың 6-ракеткасы, канадалық Милош Раонич немесе рейтингте 123-сатыдағы америкалық Джеффри Джон Волфтың біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин ертең сербиялық Миомир Кецмановичпен кортқа шығады.