29 қаң, 2021 сағат 18:44

Теннис: Зарина Дияс Мельбурндағы турнирде өнер көрсетеді

Мельбурнда 31 қаңтарда басталатын Gippsland Trophy WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған Зарина Дияс алғашқы айналымда әлемнің 51-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен кездеседі. 

Жарыстың 1-ракеткасы Симона Халеп, сондай-ақ Наоми Осака (2), Элина Свитолина (3), Арина Соболенко (4), Йоханна Конта (5), Ига Швентек (6), Элиза Мертенс (7), Каролина Мухова (8), Екатерина Александрова (9) және Ван Цян (10) доданы екінші айналымнан бастайды.

Жүлде қоры 565 мың АҚШ долларына бағаланған Мельбурн турнирі 6 ақпанда мәреге жетеді. 

Мельбурнда 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында Yarra Valley Classic турнирі де өтеді. Бұл жарыстың бірінші айналымында тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова әлемнің 87-ракеткасы, бельгиялық Кирстен Флипкенспен шеберлік байқасады.