Қазақстандық Зарина Дияс US Open турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүниежүзілік рейтингіде 69-орында тұрған Зарина Дияс америкалық, әлемнің 61-ракеткасы Бернарда Перамен кортқа шықты.
Қазақстандық теннисші биыл 27-ге толатын болса, қарсыласы одан бір жас кіші, шеберлік деңгейлері де шамалас еді.
Бірінші партияда Зарина 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын ұстап тұра алмады. Үш геймді қатар алған америкалық 4:3 есебімен алға кеткенімен, қазақстандық теннисші қайта теңестірді. Брейк алмасумен болған теннисшілер сетті тай-брейкке дейін жеткізді, мұнда Б.Пераның бағы жанды – 7:6 (7:4).
Екінші сетте америкалық спортшы бірден алға шықты – 2:0. Ақыры ол бет қаратпады – 6:0.
Бәсеке 1 сағат 45 минутқа созылды.
Б.Пера жүлде қоры 53,4 млн АҚШ долларына бағаланған «Үлкен дулыға» турнирінің екінші айналымында әлемнің 22-інші, осы жарыстың 15-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен немесе рейтингте 114-сатыдағы швейцариялық Стефани Фёгельмен кездеседі.