Қазақстандық Юлия Путинцева US Open турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлемнің 35-інші, турнирдің 23-ракеткасы Ю.Путинцева үшінші айналымда рейтингте 106-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кездесті.
Қазақстандық спортшы биыл 25-ке толса, қарсыласы одан бір жасқа үлкен еді.
Бірінші партияда А.Саснович басымдылық көрсетті – 6:3.
Есесіне екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 3:1. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған ол өз геймдерін де берген жоқ – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда А.Саснович доп бергенде, Ю.Путинцева 0:40-тан есепті теңестіріп, сосын брейк жасай білді – 2:1. Тағы бір брейк – 4:1. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.
Біршама тартысты өткен бәсеке тура 2 сағатқа созылды.
Осылайша Ю.Путинцева АҚШ-тың ашық чемпионатында өзінің спорттық жолында алғаш рет төртінші айналымға шықты. Ол енді әлемнің 15-інші, жарыстың 8-ракеткасы, 29 жастағы тәжірибелі теннисші, хорватиялық Петра Мартичпен шеберлік байқасады. Ол осы додада табысты өнер көрсетіп, спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің үшінші айналымына дейін жеткен рейтингте 102-сатыдағы, 20 жастағы ресейлік Варвара Грачеваны 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.