Қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Жібек Құламбаева Мысырдағы ITF турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шарм әл-Шейх қаласында өтіп жатқан жарыста әлемнің 446-ыншы, осы доданың 6-ракеткасы Т.Скатов ширек финалда рейтингте 711-орындағы жапониялық Шинтаро Мочизукимен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:3, 6:1 есебімен онша қиналмай жеңіске жетті.
Мұның алдында 19 жастағы Т.Скатов украиналық Юрий Джавакянды 7:5, 7:6 (7:4), ресейлік Евгений Филипповты 6:4, 6:3 есебімен жолдан тайдырған болатын.
Енді Т.Скатов финалға шығу үшін рейтингте 775-сатыдағы америкалық Феликс Корвинмен таласады.
Әйелдер арасындағы осы жарыста әлемнің 658-ракеткасы, 20 жастағы Жібек Құламбаева сәтті өнер көрсетуде.
Жібек алдымен рейтинге өзінен төрт саты жоғары тұрған ұлыбританиялық Фрея Кристиді 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін әлемнің 476-ракеткасы, украиналық Марианна Закарлюкты тартысты кездесуде 6:3, 4:6, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді. Ал бүгін рейтингте 1007-сатыдағы америкалық Эмма Дэвисті 7:6 (8:6), 6:2 есебімен ұтты.
Ж.Құламбаева рейтингте 626-орындағы тайваньдық Джоанна Гарлендті ұтса, финалға шығады.
Т.Скатов та, Ж.Құламбаева да – жас ойыншылар. Алдағы уақытта ITF ғана емес, челленджер, одан да ірі додаларда табысқа жетсе, рейтингілері жоғарылайды.