01 ақп, 2021 сағат 12:21

Рыбакина мен Путинцеваның Мельбурн турниріндегі қарсыластары анықталды

3 ақпан күні Мельбурнде Grampians Trophy WTA 500 турнирі басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бұл жарыс Аустралияда қатаң карантинде болған теннисшілер үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. 

Додада Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бақ сынайды. Рейтингісі жоғары болғандықтан, Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол америкалық Лорен Дэвис немесе чехиялық Барбора Крейчикованың қай жеңгенімен кортқа шығады.

Ю.Путинцева алғашқы айналымдағы кездесуін испаниялық Джеорджина Гарсия Переспен өткізеді. 

Мельбурнда осы мерзімде әйелдер арасында тағы екі жарыс өтуде. Қазақстандық Зарина Дияс Gippsland Trophy WTA 500 турниріне қатысудан бас тартты.

«Иә, жарысқа қатыспадым, дегенмен бәрі қалыпты. Ішімнің аздап ауырғаны болмаса, пәлендей ештеңе жоқ. Аустралия ашық чемпионатына дайындаламын», деді З.Дияс. 

Бұл додада Заринаның орнына шыққан румыниялық Моника Никулеску германиялық Лаура Зигемундтан 5:7, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.