Қазақстандық Юлия Путинцева Нью-Йоркта өтіп жатқан Цинциннати WTA турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүниежүзілік рейтингте 33-орында тұрған Ю.Путинцева екінші кездесуін әлемнің 21-інші, осы доданың 13-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен өткізді.
Қарсыластардың екеуі де бір жылдың төлі, 25 жаста.
Бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте грекиялық спортшы брейк жасап, сетті өз пайдасына шешті – 6:4.
Екінші сетте де М.Саккари брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен қазақстандық теннисші қайыра брейк жасап, өз геймін де жібермей, таразы басын теңестіре алды – 3:3. Ақыры мәселе тай-брейкте шешілді. Онда бастапқыда Юлия 3:0-мен алға шыққанымен, Мария есепті теңестірді. Сосын есеп 6:5 болғанда, матчболын пайдалана алмады. Қазақстандық теннисші де сетболын мүлт жіберді. Бұдан кейін грекиялық спортшы матчты сәтті тәмамдай алды – 7:6 (11:9).
Тартысты бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.
М.Саккари жүлде қоры 2,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 9-ракеткасы, америкалық Серена Уильямс немесе Нидерланды өкілі Аранча Рустың біреуімен таласады.