01 қыр, 2020 сағат 06:39

Теннис: Путинцева АҚШ-тың ашық чемпионатын жеңіспен бастады

Қазақстандық Юлия Путинцева US Open турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлемнің 35-ракеткасы Ю.Путинцева жарысқа арнайы шақыртылған, рейтингіде 593-орында тұрған америкалық Робин Монтгомеримен кездесті.

Бірінші сетте қазақстандық теннисшінің басымдылығы айқын көрінді – 6:1. 

Есесіне екінші сетте есеп 1:1 болған сәтте америкалық спортшы брейк жасап, алға шықты. Дегенмен таразы басын қайта теңестіре алған Юлия бұдан кейін қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:3.

Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда рейтингіде 351-орында тұрған, додаға арнайы шақыртумен қосылған Беларусь өкілі, 21 жастағы Вера Лапкомен кортқа шығады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 123-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичті 1:6, 7:6 (7:2), 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандықтардан жекелей сында кортқа шықпаған рейтингіде 69-орында тұрған Зарина Дияс қана қалды. Ол алғашқы кездесуін тағы бір америкалық, әлемнің 61-ракеткасы Бернарда Перамен өткізеді.