29 қаз, 2020 сағат 19:42

Теннис: Карантинге байланысты Париждегі мастерс турнирі көрерменсіз өтеді

Францияда енгізілген жаппай карантинге байланысты Париждегі мастерс турнирі көрерменсіз өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жарыстың ресми сайты мәлім еткендей, бұдан бұрын күн сайын 1 мыңға дейін көрерменнің қатысуы жоспарланған еді.

Енді билет алғандардың ақшасы қайтарылады. 

Франция теннис федерациясы доданы тамашалау мүмкіндігінен айырылған адамдардың бұған түсіністікпен қарауын өтінді.

Франция еліндегі карантин кемінде 1 желтоқсанға дейін созылады.

Жүлде қоры 5,4 млн еуродан асатын ерлер арасындағы Париждегі мастерс турнирі 2-8 қараша аралығында өтеді. Қатысушылар тізімінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик те бар.

Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович жеңімпаз атанған болатын. Ол финалда канадалық Денис Шаповаловты 6:3, 6:4 есебімен ұтқан еді. Биылғы додаға олардың екеуі де бармайтын болды. Сондықтан мастерс турнирінде жаңа чемпионның есімі анықталады.