03 қыр, 2020 сағат 05:11

Теннис: Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жүлде қоры 53,4 млн АҚШ долларына бағаланған «Үлкен дулыға» жарысының 11-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 93-орында тұрған америкалық Шелби Роджерспен кортқа шықты.

Қазақстандық теннисші биыл 21-ге толса, тәжірибелі қарсыласы 27-де еді. 

Бірінші партияда бірден жинақы ойнаған америкалық спортшы брейкпен алға кетті. Дегенмен есеп 3:5 болған мезетте Елена қайыра брейк жасап, өз геймін де жібермеді – 5:5. Бірақ қарсыласы сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.

Екінші сетте есеп 2:1 болғанда Ш.Роджерс брейк жасап кетті – 3:1. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры ол он минуттан астам уақытқа созылған соңғы тартысты геймде алтыншы матчболын пайдалана алды – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.

Ш.Роджерс үшінші айналымда әлемнің 25-ракеткасы, украиналық Даяна Ястремская немесе рейтингте 84-сатыдағы америкалық Мэдисон Бренглдің біреуімен кездеседі.