11 қаң, 2021 сағат 13:00

Теннис: Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің жартылай финалына шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 10-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. 

Осыған дейін А.Соболенко қос бірдей турнирді ұтып, қатарынан 12 жеңіске қол жеткізген еді. 

Бірінші партияда есеп 5:4 болған сәтте А.Соболенко брейк жасап кетті – 6:4. 

Екінші сетті Е.Рыбакина брейкпен бастады – 1:0. Тағы бір брейк – 4:1. Бұдан кейін беларусь теннисшісі қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы үшінші сетболын пайдалана білді – 6:4. 

Үшінші, шешуші партияда Соболенко 3:0 есебімен алға шықты. Ақыры ол матчты жеңіспен бітірді – 6:3. 

Тартысты бәсеке 2 сағатқа созылды. 

А.Соболенко финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, америкалық София Кенин немесе рейтингте 22-орында тұрған грекиялық Мария Саккаридың біреуімен таласады.