03 ақп, 2021 сағат 07:21

Теннис: Дмитрий Попко Анталия турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық, әлемнің 168-ракеткасы Дмитрий Попко Анталия челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 237-орында тұрған аргентиналық Факундо Менамен өткізді. 

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Попко 1 сағат 46 минутқа созылған матчта 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ол екі рет эйс жасап, төрт мәрте брейкке қол жеткізді.

Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 127-інші, осы доданың 6-ракеткасы, тағы бір аргентиналық Факундо Багниспен күш сынасады.

Қазақстандық теннисші биыл жарақатына байланысты жарыстарға, соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысына қатыса алмай, рейтингідегі орны төмендеп кеткен болатын. 

Д.Попко екінші айналымға шығу арқылы 730 АҚШ долларын тауып, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) рейтингісі үшін 7 ұпайға қол жеткізді.