Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Санкт-Петербург ATP 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
А.Бублик америкалық Рейлли Опелкамен бірге ширек финалда ресейліктер Карен Хачанов және Андрей Рублевпен күш сынасты.
Бірінші партияда қазақстандық-америкалық жұп 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде корт иелері есе қайырды – 6:1.
Тайбрейкте әуелі ресейлік жұп алға шықты – 2:0. Содан кейін А.Бублик пен Р.Опелка қуып жетіп, алға кеткенімен, К.Хачанов пен А.Рублев матчты аяқтауға тамаша мүмкіндік алды. Алайда олар есеп 9:6 болған мезетте үш бірдей матчболды пайдалана алмады. Есесіне Бублик пен Опелка бұдан кейін бірде-бір доп бермеді – 11:9.
Бәсеке 1 сағат 2 минутқа созылды.
А.Бублик пен Р.Опелка финалға шығу үшін бразилиялық Марсело Демолинер мен Нидерланды өкілі Матве Мидделкоп және америкалық Тейлор Фритц пен ұлыбританиялық Кэмерон Норри жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Әлемнің 36-ракеткасы Р. Опелка бүгін жекелей кездесуін де сәтті өткізді. Ол хорватиялық Нино Сердарушичті 3:6, 7:6 (7:5), 6:2 есебімен ұтып, екінші айналымға шықты.
Сондай-ақ, рейтингте 52-орында тұрған А.Бублик ертең ширек финалға шығу үшін канадалық, әлемнің 21-інші, осы доданың 6-ракеткасы Милош Раоничпен шеберлік байқасады.