30 қыр, 2020 сағат 19:38

Теннис: Бублик Ролан Гаррос турнирінде ұтылып қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бастапқы кездесуінде әлемнің 9-ракеткасы, франциялық Гаэль Монфисті ұтып, күтпеген нәтиже көрсеткен қазақстандық теннисші сол жеңісті жолын жалғастыра алмады.

Бұл жолы Бубликке әлемнің 46-ракеткасы, италиялық Лоренцо Сонего қарсы тұрды.

Бірінші партия қарсыластар қатты тіресіп, тай-брейкке дейін жетті, онда Л.Сонего әбжілдік танытты – 7:6 (10:8).

Италиялық теннисші екінші сетті оңай алды – 6:1.

Үшінші партияда есеп 5:3 болып, Сонего матчқа доп бергенде, Бублик брейк жасай алды. Алайда қарсыласы матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.

Біршама тартысты өрбіген ойын 2 сағат 24 минутқа созылды.

Л.Сонего үшінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, америкалық Тейлор Фритцпен күш сынасады. Ол молдовалық Раду Алботты 6:3, 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша Франция ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.