28 қаз, 2020 сағат 16:40

Теннис: Бублик Astana Open турнирінде жеңіліп қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Доданың 6-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик алғашқы айналымда рейтингіде 209-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен шеберлік байқасты. 

Бұл теннисшілердің осы айдағы екінші кездесуі еді. Бұдан бұрын биыл 23-ке толған А.Бублик Санкт-Петербург жарысының бірінші айналымында өзінен екі жас үлкен қарсыласын 2:6, 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтқан-ды. 

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші брейк жасап, 2:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмай, есе жіберді – 3:6. 

Екінші сет америкалық спортшының айқын басымдылығымен өтті – 6:2.

Матч барысында сылбыр қимылдаған А.Бублик қателікке жиі бой алдырды. Сөйтіп үмітті ақтамады.

Бәсеке 1 сағат 12 минутқа созылды.

Америкалық теннисші ширек финалға шығу үшін жарысқа арнайы шақырту арқылы қосылған, рейтингіде 103-сатыдағы италиялық Андреас Сеппимен таласады. Ол алғашқы айналымда ресейлік Аслан Карацевті 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жолдан тайдырды.

Осылайша өз елімізде алғаш рет өтіп жатқан ATP 250 турнирінде жекелей сында Қазақстаннан Михаил Кукушкин ғана қалды.