Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик жаңа маусымды Анталияда бастайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жүлде қоры 300 мың еуроға бағаланған Анталия ATP 250 турнирі 7-13 қаңтар аралығында өтеді.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 76-орында тұрған италиялық Сальваторе Карузомен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 776-сатыда тұрған Андрей Голубев іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 313-ракеткасы, словакиялық Алекс Молчанмен шеберлік байқасады. А.Голубев А.Молчаннан кейін тағы бір теннисшіні ұтса, ол да негізгі турнирге жолдама алады.
Сонымен қатар А.Бубликтің 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында өтетін Мельбурн додасына қатысатыны да белгілі болды. Биыл бұл турнир Аделаидадағы доданың орнына өтеді. Ал 8 ақпанда «Үлкен дулығаның» биылғы алғашқы додасы – Аустралия ашық чемпионаты басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Әбу-Даби турниріндегі қарсыластары белгілі болғанын жазған едік.
Бұл турнирдің іріктеу сатысында Анна Данилина қытайлық Ян Чжаосюаньмен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:3 есебімен ұтқанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Қалған екі сетте қытайлық спортшы 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша А.Данилина негізгі додадан тыс қалды.