07 мам, 2020 сағат 11:11

Теңіз кен орнынан келген тұрғыннан коронавирус анықталды - БҚО

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы үш науқастың біреуі Теңіз кен орнынан келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, ол – 1988 жылғы облыс тұрғыны.

Көрші аймақтан келуіне байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. 

Үш адамның екеуі – Түркістан облысының Ресейде жұмыс жасайтын 1980 және 1970 жылғы тұрғындары. Олар Самара облысымен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде денсаулықтарына шағымы болмағанмен, алгоритмге сәйкес жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жеткізілген. 

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен үшеуінің де коронавирус жұқтырғаны белгілі болып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.

Науқастармен қарым-қатынаста болғандар бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. 

Осылайша БҚО-да сырқаттанғандар саны 213-ке жетіп, соның 59-ы сауығып шықты.