Теңгенің құлдырауы ұшақ билеттерінің бағасына еш әсер етпейді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Оның пікірінше, бағаның шарықтауына әсер ететін факторлар әзірге тұрақты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сондықтан әуе һәм темір жол билеттерінің қымбаттауына негіз жоқ.
«Билет құнына не әсер етеді? Алдымен ол, әрине, авиакеросин және, екіншіден, лизингте ұшақтары болса. Бүгін авиакеросиннің бағасы тұрақты. Егер ол тұрақты болса, билет бағасы да тұрақты болады деген сөз. Былтыр, мысалы, жанармай тапшылығы болған еді, бірақ ол билет құнына әсер еткен жоқ. Оның үстіне біз келер жылы әуе жанармайына деген тапшылықты толық жоямыз деп отырмыз», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Еске салсақ, кеше ғана Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі әуе қызметінің құны былтырмен салыстырғанда 18,5%-ға қымбаттағанын айтқан.