02 мам, 2020 сағат 12:10

Теміртауда каналға шомылам деп жағаға шыға алмай қалған бала құтқарылды

Теміртау полицейлері арыққа құлап кеткен баланы құтқарды. Қаланың шет жағында екі бала шомылмақ болып, қашыртқы каналға түскен. Балалардың бірі судан өз күшімен шыға алмай, оның досы полицияға хабарласып, көмек сұраған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

29 сәуір күні сағат 16.48-де есу базасы маңындағы арыққа баланың құлап кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Теміртау қалалық полиция басқармасының кезекші бөлімі, құрамында кіші лейтенант Құрбанбек Тұрлыбеков пен кіші лейтенант Бекзат Маханов бар автопатруль жіберілді. 

«Балалар нақты қай жерде тұрғанын түсіндіріп бере алмағандықтан оқиға орнын табу қиын болды. Полицейлер іздеу кезінде патрульдік көліктің дыбыс сигналдарын пайдалануға мәжбүр болған. Балалар хабарламада көрсетілген жерден шамамен 1 шақырым қашықтықта болған. Оқиға орнына жеткен полицейлер шомылуға арналмаған жерде тұрған баланы тапты. Жедел жәрдем бригадасы баланы тексеріп, жағдайының қалыпты екенін айтты, ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. 11 жасар бала анасының қыдыруға және суға түсуге рұқсат бергенін айтты», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Аталмыш факт полицияда тіркелді. Екі баланың да ата-анасына қатысты ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.