Фото: ortcom.kz
Tech Orda бағдарламасы мамандықты игергісі келетін қазақстандықтар үшін ваучерлік жүйені пайдалана отырып, жетекші жекеменшік IT мектептерінде оқуға мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам адам ІТ мамандығын игеріп, 450 мың теңге жалақымен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған бағдарлама аясында 83 IT мектеп аккредитациядан өтіп, 3 273 IT ваучер берілген.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бағдарламасы аясында 3000 арнайы білім беру ваучерінің иегерлері Қазақстанның жекеменшік IT мектептерінде тегін оқи алады
Белгілі болғанындай, биыл Tech Orda бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматтарына IT мамандықтарын игеруге бірегей мүмкіндік береді. Биылғы есеп бойынша, еліміздегі 83 IT мектебінде 219 курс бар.
Tech Orda 2021 жылдан бастап Astana Hub базасында жұмыс істейді. Цифрлық даму министрлігі атап өткендей, бағдарлама ақпараттық технологиялар саласындағы адами капиталды дамытуға арналған.
«Ол веб-әзірлеуді, 3D дизайнды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, мобильді қосымшаларды жасауды, сондай-ақ Big Data және Blockchain сияқты салаларды қоса алғанда, басым секторлардың толық спектрін қамтиды», - деп қосты департамент мамандары.
Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі, оқу мерзімі 6 айдан 2 жылға дейін өзгереді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының ішінде 2025 жылға қарай кемінде 100 мың IT маманын даярлау міндеті тұрғанын айтқан болатын.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Тех Орда» бағдарламасы аясында білікті кадрлар даярлауға мамандандырылған отандық жеке IT-мектептер арқылы 20 мың IT маманын дайындауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда, «Tech Orda» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген IT мектептердің саны екі есеге жуық артты – 49-дан 83-ке. Бұл өткен жылы да, биыл да өтініштердің айтарлықтай көп болғанын көрсетеді.
Айтпақшы, жоба 2021 жылы басталды. Содан кейін пилоттық ағым Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100 студентті қамтыды. Олардың әрқайсысына бағдарлама бойынша 600 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Өткен жылы Tech Orda бағдарламасы кеңейтіліп, 3000-нан астам қазақстандық тегін оқуға жолдама алды, биыл да осыншама студент қабылдау жоспарланды.
Tech Orda бағдарламасына қосылғысы келетіндер үшін astanahub.com порталында мектептер мен курстардың толық тізімі бар IT мектептерінің көрмесі қолжетімді. Өтініштер 2023 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты таңдалған IT мектебінен немесе 2222 телефоны арқылы алуға болады.
Tech Orda бағдарламасы жеке IT мектептерін субсидиялауды және IT маманы болғысы келетін азаматтарға ваучерлер беруді қарастырады. Механизм үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бағдарламаға қатысу үшін мектеп курстары таңдалып, аккредиттеледі. Бұл іріктеуді тәуелсіз комиссия жүргізеді.
Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, 2022 жылы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген 70 мектептің ішінде 49 IT мектеп аккредитациядан өткен, оның 17-сі жаңа. Бұл ретте 34 пайызы өңірлерде орналасқан.
«Екінші кезеңде әр курсқа бөлінетін ваучерлер саны анықталады. Бұл үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әзірленген алгоритм – математикалық модель арқылы жүзеге асырылады», – деп түсіндірді спикер.
Бұл ретте әрбір IT-мектептің тиімділігін есептеу кезінде алгоритмнің негізі түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері болып табылады.
«Өңірлерде IT-білім беруді дамытуды ынталандыру үшін алгоритмде облыс мектептеріне көбірек жолдама тарататын арнайы коэффициент енгізілген, қалғандары бірдей», – деп атап өтті М.Мәдиев.
Алынған жолдамалар аясында үшінші кезеңде мектептер өз бетінше оқушыларды таңдады. Tech Orda бағдарламасы аясында IT мамандықтары бойынша білім алғысы келетін әлеуетті студенттерден 16 мыңға жуық өтініш келіп түскен.
Айтпақшы, соңғы екі жылда еліміздің 12 облысында 20 бағдарламалау мектебі ашылды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің IT саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Tech Orda бағдарламасы мамандықты игергісі келетін қазақстандықтар үшін ваучерлік жүйені пайдалана отырып, жетекші жекеменшік IT мектептерінде оқуға мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам адам ІТ мамандығын игеріп, 450 мың теңге жалақымен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Аталған бағдарлама аясында 83 IT мектеп аккредитациядан өтіп, 3 273 IT ваучер берілген.