16 жел, 2020 сағат 11:03

Тәуелсіздік жылдары туған ел мақтаныштары

Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991-1992 жылдары дүниеге келген ұрпақ қазір 30-ды алқымдап қалған ордабұзар азамат болғаны рас.

Олардың ішінде ел экономикасына, спорт саласына ерекше еңбек сіңіріп жүрген азаматтар бар.

Бүгін жақсылықтың жаршысы сияқты егемендікпен жарыса туған тәуелсіздіктің мақтаныштары туралы жазуды жөн көрдік.

Олардың бірі – Әділет Тиканов. 29 жастағы жігіт Алматы циркінде жұмыс істейді. 

Жас акробат 1991 жылы 21 қыркүйекте Павлодар қаласында туған. 1999 жылы Алматыға отбасымен көшіп келген. Талғар ауданының Панфилов ауылында білім алған. 

«Бала кезімнен break dance биіне құмар болып, көше акробатикасына әуес болдым. Бірақ, цирк әртісі болуды ойламаппын. Бала кезімде полиция қызметкері болуды армандадым. Есейген соң достарым Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне түсе бастады. Мен де бағымды сынап көрдім. Осылайша, оқуға грантқа түсіп кеттім», - деді Әділет.

Жақында Әділет «Украина таланты», Кытайда өткен «Central Asia» шоуларына қатысып келді.

«Қаңтарда «British got talent» шоуына қатысуға дайындалып жатырмыз. Жақында шығармашылық ұжым видеокастингіден өтті. Одан ары қарай Монте-Карлода (Монако) өтетін фестивальге қатысамыз. Басқа да фестивальдерден бас жүлде, алтын, күміс, қола жүлделер алып жүрміз», - деді ол.

Әділеттің айтуынша, қазір балаларда көп мүмкіндік бар.

«Біздің бала кезімізде кәмпит жеудің өзі қуаныш болатын. Қазір балаларда ұялы телефон, қалаған ойыншығы, киімі – барлығы бар. Олар таршылық көрмеген. Мұның барлығы – Тәуелсіздіктің арқасы! Қазір мемлекет тарапынан жастардың дамуына, білім алуына, қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, жастар осыны бағалауы керек. Олар барынша білім алып елін шетелдік ареналарда паш етуге ұмтылуы тиіс», - деді ол.

Ал балуан, Қазақстан спорт шебері Дамир Күзембаев 1991 жылы 2 қарашада туған. 13 жасқа дейін таэквандо, одан кейін күреспен айналысқан. 2007 жылдан бастап Дамир Жаңабай Оспановтан тәлім алып отыр.

Дамир Қазақстан чемпионатында 2 күміс, 2 қола жүлде алған. Ал 2016 жылғы Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды. 

«Ең бастысы, спортта туған елімнің мерейін көтеру – мақсатым. Жеңіс тұғырында тұрғандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық жастар туған тілін сыйлап, ұлттық рәміздерін құрметтеп тұрса – нұр үстіне нұр», - деді ол.

Дамирдің шетелдегі алғашқы жеңісі 2008 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында болды. 

2013-19 жыл аралығында өткен Азия чемпионаттарынан ол жүлдесіз қайтпаған.

Никита Флипов 1991 жылы 7 қазанда туған. Ол жеңіл атлетикадан Қазақстанның халықаралық спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қатысушысы. 2015 жылы Бүкіләлемдік универсиадада алтын медаль иеленген.

Қазір ол жас спортшыларды тәрбиелеумен айналысады

«Өзім тәуелсіз елдің тумасы болғандықтан, болашақ чемпиондарды азат ойлауға, жеңімпаз болуға үйретемін. Тәуелсіздік бізге өзіміздің дамудың жеке даңғыл жолын таңдауға, өз ұстанымымызды, ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға мүмкіндік берді», - деді ол.

ҚазАқпарат