1969 жылдың соңында Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатында (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернат) ұлттық мұрат-мүддені көксеген бір топ оқушы «Жас ұлан» ұйымын құрды. Ұйым мүшелері өздерімен шамалас жасөспірімдер арасында астыртын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, қатарын көбейтті. Сол жылдың желтоқсан айында, облыс орталығындағы және кейбір ауылдық елдімекендегі көрнекі орындарға жұртшылықты тәуелсіздікке үндеген үнпарақтар жапсырып кетті. Олар Павлодар қаласының Орталық алаңында өтетін І Мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген транспаранттар көтеріп шығуды да жоспарлаған еді. Бірақ ұйымды 1970 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы әшкереледі.
* * *
МҚК басқармасындағы тергеу аяқталған соң мектеп-интернат әкімшілігі облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысын, комсомолдар жиналысын, ата-аналар жиналысын, педкеңес өткізіп, жас ұландарға үсті-үстіне морольдық-психологиялық соққы берді! Жиналыстарда сөйлеген мұғалімдер және олар дайындаған комсомол белсенділері жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін ғана емес, жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды! Іле мектеп-интернат әкімшілігі мен комомол ұйымы және Павлодар қалалық комсомол комитеті «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелеріне түрлі жазалау шараларын қолданды.
Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен қалалық комсомол комитеті бюросында ұйым жетекшісі Қаниев Арман Бақтанұлы (осы жолдардың авторы), сондай-ақ ұйымның «комитет» деп аталған жетекші құрамының мүшелері: Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызы «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел идеялық-саяси қателіктері» үшін деген айыптаумен комсомол қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзғандығы» үшін қатаң сөгіс жарияланып, комсомолдық есеп карточкасына жазылды. Сонымен қатар, комсомол қатарынан шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, «өз еркімен» мектептен қуылды.
Ресми жазалаудың соңы астыртын саяси қысымшылыққа ұласқанын біз кейін аңғардық. Мәселен, менің білім алу құқыма және баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, жария емес жазалау мен қудалаудың өзге де түрлерін бастан өткердім. Кәмелетке толмай қара жұмыстар істеп, түрлі әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілік қазанында қайнап, шыңдалдым. Сондықтан шығар, ұлттық мұрат-мүдде жолынан тайған жоқпын: 1986 жылы Павлодарда бір топ серігімен Алматыдағы желтоқсаншыларға үн қосуға әрекеттендім, 1989-1991 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымдарының негізін құраушы қоғамдық күштердің бел ортасында жүріп, Ертістің Кереку өңіріндегі қоғамдық-саяси оқиғалардың барлығына дерлік белсене қатыстым. Орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып бітірдім, еліміз тәуелсіздік алған соң жоғары оқу орнын да сырттай оқып, тамамдадым.
Үзеңгілес серіктерім: Болат Какежанов, Алтын Махметова, Қайрат Қабылбеков те түрлі қысымшылықты бастан өткерді. Ал Гүлбаршын Әлиева (1955–1975 ж.ж.), Рәшит Бейсекеев (1954–1990 ж.ж.), Айгүл Жүнісова (1954–1991 ж.ж.), Сембай Құсайынов (1954–2005 ж.ж.) дүниеден мезгілсіз өтті.
...«Жас ұлан» ұйымы қоғам қажет еткен аймақта, қажетті мезгілде дүниеге келді. Он бес-он алты жастағы оқушы жасөспірімдердің астыртын саяси ұйым құрып, отаршылдыққа қарсы бас көтеруі кеңестік билікке «Халықтар достығы лабораториясы», «Жүз ұлттың планетасы» атанған республикада байырғы халықтың ұлттық намысы мен төзіміне пәрменді сынақ жүргізу оң нәтиже бермейтіні жөнінде ой тудырды деп білемін. Сөйтіп, жас ұландар отаршылдық саясатының қарқындылығын сәл де болса баяулатуға, тіпті оған түзетулер енгізілуіне ықпал етті. «Жас ұлан» оқиғасынан кейін Павлодар қаласындағы бір балабақшада қазақ тобы ашылды, біраз уақыт өткен соң осы мектепке дейінгі балалар мекемесі «Ақ бұлақ» атты облыс бойынша тұңғыш қазақ балабақшасына айналды! Кейбір елдімекендер, көшелер, дүкендерге қазақша атаулар қойылды.
...Жыл сайын Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Алаш» партиясы, Қарағандыдағы ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы), Мәскеудегі «Жас тұлпар» ұйымдары және сол қоғамдық бірлестіктерді үлгі тұтқан «Жас ұлан» ұйымы ойыма оралады, Алматыдағы желтоқсаншы жастарды жүрегім езіліп тұрып еске аламын. Иә, бодандық кезеңінде егемен елдік, ұлттық мұрат-мүдде жолындағы іс-әрекеттері үшін ату жазасына кесілген, бас бостандығынан айрылған, қудаланған азаматтардың тағдырларын еске түсіру оңай емес...
Ендігі жастар мен жасөспірімдер жеті атамыздың арманы болған, тек біздің замандастарымыздың игілігіне айналған ең ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін біз секілді ұғына алса игі еді!
Арман ҚАНИ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Павлодар қаласы.
Ұлт порталы
Суреттерде: Жас ұландар: (солдан оңға қарай) Рашит Бейсекеев, Арман Қаниев, Болат Какежанов және Гүлбаршын Әлиева, Қайролла Кәженов, Қайрат Қабылбеков. 1969-1970 жылдар, Павлодар.
Пайдаланылған дереккөздер:
1.Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қоры материалдары.
2.Арман Қаниев. «Тұтанбай жатып сөнген еді «Жас ұлан» // «Сарыарқа самалы» газеті 15 маусым, 1992 жыл.
3.Ғалымбек Жұматов «1969 жыл. Сол желтоқсан да ызғарлы еді» // «Халық кеңесі» газеті, 18 қыркүйек, 1992 жыл.
4.Жанболат Әлиханұлы Аупбаев «SOS» белгісі» // «Егемен Қазақстан» газеті, 30 қазан, 2002 жыл.
5.Ғалым Жайлыбай. «Біздің қоғамға Махамбет пен Мәди керек тәрізді…» Керекулік ақын Арман Қанимен сұхбат //«Қазақ әдебиеті» газеті. 24 ақпан, 2006 жыл.
6.Жанна Қыдыралина «КГБ жастар рухын сындыра алған жоқ» // «Нұр Астана» газеті, 4 маусым, 2009 жыл.
7.Алдан Смайылов. «Тасада қалған тағдырлар» // «Қазақ әдебиеті» газеті, 12-18 маусым, 2009 жыл.
8.Сайлау БАЙБОСЫН. «Жетпiсiншi жылдың жеткiншектерi жалауын тiккен «Жас ұлан» // «Жас Алаш» газеті, 16 желтоқсан, 2010 жыл.
9.Ержұман Смайыл. Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы // «Егемен Қазақстан» газеті, 23 ақпан, 2011 жыл.
10. «Дорога людей: жажда свободы» // Документальный фильм, Казахстанский филиал МТРК «Мир», 2016 г.