Татарстандық тарих ғылымының докторы, этнограф Дамир Искаков Алтын орданың әлем тарихына тигізген әсері туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алтын орда – шекпенінен түркі ұлттары шыққан алып империя. Сол үшін бұл мемлекеттің тарихы барлығымыз үшін өте маңызды. Оның мәдениеті мен тарихы – біздің ортақ құндылығымыз. Біз әрдайым Алтын орда тарихын зерттеуіміз керек. Себебі оның өмір сүрген шағы - біздің ұлттардың қалыптасуының шешуші кезеңі. Біздің түпкі тамырымыз бар. Әлбетте, көне түркі кезеңдерін ысыра алмаймыз. Алайда Алтын орда дәуірі – ол шешуші уақыт, түркілердің жұлдызды сағаты! Себебі, мұндай ауқымдағы империяны түркілер одан бері құра алған жоқ. Бұл мемлекет – көшпелі шаруашылықты отырықшылықпен ұштастырған ел. Ол өз дәуірінде қатты өркендеді. Ол дәуірде қалалық өмір де болды. Әдетте, тарихшылар Алтын орданың даму деңгейін бағалай бермейді», - деді Татарстан ғалымы елордада өтіп жатқан «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстел алдында тілшілерге берген сұхбатында.
Дамир Искаковтың айтуынша, Повольжеде, Орталық Азия мен Қазақстан аумағында Алтын Орда тұсында гүлденген бірнеше қаланы атап өтуге болады.
«Бұл жерде Алтын ордадан Еуропаға, мәселен, Италияға астық жеткізіліп тұрғанын айта кету керек. Сол себепті, оны біз тек көшпелі мемлекет деп айта алмаймыз. Қай жылдар аралығында, қандай жолмен, қанша көлемде сатылғаны туралы деректер жоқ деуге болады. Бірақ Генуя мен Венеция Алтын ордадан жеткен астықты азық еткені анық жазылған. Германия, Италия, Франция, Германия тарихшыларының еңбектерінде де ол туралы аракідік кездеседі. Әріптесім Юлай Шәмілоғлы осы тақырыпты зерттеп келеді. Неміс ғалымы Бертольд Шпулердің де еңбектерінде бұл жайлы нақты мәлімет бар. Сондықтан, Алтын орда туралы сөз қозғағанда өркениеті күрделі мемлекет екенін ескеруіміз керек. Ол елде славяндар да тұрған. Қазіргі орыстардың да сол жақтан шыққанын ұмытпаған абзал. Себебі, олар бір кездері осы империяның құрамында болған. Алтын орданың сонымен бірге өзге аймақтармен, атап айтқанда Юань империясы, Иранмен, Еуропа елдерімен қарым-қатынасы жолға қойылды. Тіпті Еуропаның ең алыс аумағына Алтын Орданың әсері тиген деген көзқарас бар», - деді ол.
Татарстан этнографы өз сөзінде Қытай мен Еуропаның сауда байланысы Алтын орда аумағы арқылы өткенін еске салды.
«Ұлы Жібек жолы Алтын орда тұсында да болды. Ең бастысы, Алтын орда – біздің халықтың тарихи санасында үлкен ізін қалдырып кетті. Эпостарда, аңыз-әпсаналарымызда Алтын ордадан шыққан батырлар жырланады. Мысалы, түркі халықтарының бәрінде Едіге батыр туралы жыр бар. Сол себепті, бұл эпосты оқып отырып, Алтын Орданың күні қалай сөнгенін сезінесіз. Бұл дастандар біздің тарихи сананың бір бөлігі», - деді ол.
Татар ғалымы өз сөзінде Алтын орда туралы әлем елдерінде пікір әртүрлі екенін айтады.
«Еуропа елдерінің санасында бұл ел жау мемлекет ретінде қалған. Орыстарда да татар-моңғол шапқыншылығы деген сөздің барын білесіздер. Бұның бәрі тарих. Тарих толқыны жекелеген елдердің барлығының санасына әсер етті. Алайда бұл жайсыз пайым-пікірлер, түсініктер ескірері даусыз. Өйткені, тарихты біз сабырмен қабылдауымыз керек», - деді Дамир Искаков.