15 қар, 2018 сағат 16:36

Ташкент тұрғыны Рембрандт картинасын шетелге заңсыз шығаруға тырысқан

Ташкент қаласының Яккасарай аудандық сотының шешімімен құны бірнеше миллион тұратын графикалық картина заттай айғақ ретінде тәркіленді.

2004 жылы қайтыс болған коллекционер Николай Плужниковтың 50 жастағы ұлы Андрей Плужниковтың айтуынша, әкесі қайтыс болардан үш күн бұрын оған коллекциясында Рембрандт картинасы сақталғанын айтқан.

"Әкем мені шақырып алып, үйрек қауырсынымен салынған картинаны көрсетті. Ол маған: "Бұл - ең қымбат картина", - деді. Әкемнің айтуынша, бұл картинаны ол 1945 жылы Берлинге шабуыл кезінде олжа ретінде алған. Картина артындағы жазбаға қарағанда, суретті Германияға 1945 жылы алып келген. Менде Өзбекстан мәдениет министрлігі сарапшыларының картина шын мәнінде Рембрандтікі екенін дәлелдейтін қорытындысы бар", - деді Андрей Плужников.

Андрей Плужников картина әлемдік аукциондарда он екі миллион евро тұратынын білген соң, 2014 жылы өнер туындыларын сатумен айналысатын Камил Юлдашевқа портретті берген. Суретті Юлдашевке берген уақытта Плужников жанында танымал реставратор Дильшод Азизов болған.

"Картинаны алған Юлдашев сол күйі жоғалып кетті. Мен алаяқтарға алданып қалғаным туралы арыздандым. Қылмыстық іс қозғалды. Картина биыл 14 маусымда Ташкенттен Израильге ұшқалы жатқан Рафаэль Фузаиловтың багажынан табылды. Картина тәркіленді", – деді Андрей Плужников.

Бұл іс Өзбекстан Бас прокуратурасының бақылауына алынған.

"Тергеу аяқталды. Іс сотқа берілді. Шын мәнінде, Плужников картинаны өз еркімен Юлдашевқа сатқан. Ол алаяқтық жасамаған. Қазір сотта тараптардың сөзжарысы жүріп жатыр. Картинаны контрабанда ретінде Өзбекстаннан шығарғысы келген. Сурет сот шешімі шыққанша уақытша тәркіленді", – делінген Бас прокуратура хабарламасында.