Тарихымыз Тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайда айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тағы бір маңызды жұмыс – бұл тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімі ардақталды. Тарихи даталар қалпына келтірілді. Осылайша, еліміздің шынайы шежіресі жазылып жатыр. Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең түсінген абзал.
Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады.
Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық», - деді Мемлекет басшысы.