Астана мен Алматыда сауалнамаға қатысқан 500 адамның көбісі Мемлекеттік Елтаңбаны танымады деп естіп жатырмыз. Бұған не айтуға болады? Бас шайқаудан басқа амал жоқ. Елтаңбаны білу қазір балабақшадан, мектептен басталады. Бастауыш сыныптағы оқушы рәміздердің авторын біледі, суретін салады.
Ал сауалнамаға қатысқан жандарға келсек, біліп тұрса да танымадым деген қырсықтық, әдейі қасақана істелген әрекет те болуы мүмкін деп ойлаймын. Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасын танымағаның, еліңді, тарихыңды мойындамағаның деген сөз. Сауалнамаға қатысқандардың 30 пайызы ғана дұрыс тапқан. Осындай деңгейімізді көрсетіп, ашып берген «Жаңа адамдар» қозғалысына рахмет айтуымыз керек шығар. Дегенмен, бұл сауалнама белгілі бір нақты қорытынды жасауға аздық етеді. Себебі, оған қатысқан 500 адамның кім екенін толық білмейміз ғой. Бәлкім, жоғарыда айтқанымдай, біздің Тәуелсіздігімізге қарсы, қарау ниеттегі жандар бар шығар ішінде, кім білсін? Сондықтан, бұл тақырыпты әлі де қоғам талқысына салып, пысықтай түсу керек.
Яғни, біздің қай бағытта жұмыс жүргізуіміз осыдан-ақ көрініп тұр ғой. Мемлекет деген тек қана билік идеологиясы емес, халықтың идеялық біртұтастығы. Сондықтан біз алдымен өзімізді өзіміз танып, өзімізге өзіміз баға беруіміз керек.
Ұлттың болашағы – оның тарихи санасының дұрыс қалыптасуына тікелей тәуелді. Өткенді дұрыс білмеу – тұтас ұлтты адастыратын фактор екені сөзсіз. Біздің Елтаңбамыздың бойында тұтас тарихымыз бейнеленген, ондағы әр детальдың символдық мәні жоғары. Оны әр азамат ұрпағына ұқтырып, түсіндіруі қажет.
Төл тарихымызды толықтай түсіне отырып, тарихи сананың жаңғыруына, барша қазақстандық атсалысқаны жөн. Мемлекеттік Елтаңба, жалпы барлық рәміздерді құрметтеп, оның мазмұнына үңіліп, тани түсуіміз керек.