12 ақп, 2025 сағат 13:25

"Тарихи маңызы зор кітаптар үгітіліп, түптері ажырап, жоғалып барады"


Фото: aqiqat.kazgazeta.kz

AMANAT партиясы фракциясының депутаттары «Ғылым Ордасының» құрамына енген Орталық ғылыми кітапхана, Қазақстан ғылымы тарихы музейі, археология және табиғат музейлері, сондай-ақ ғылыми архивінің әлеуметтік сұрақтары туралы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданған сауалда келер ұрпаққа аманат етілетін баға жетпес мәдени және тарихи мұраның, ұлт жадының сақтаушылары қазіргі таңда заманауи талаптарға сай техникалық базаның жоқтығы, білікті кадрлардың тапшылығы мен төмен жалақы секілді сұрақтарға тап болуда екені айтылады.

Орталық ғылыми кітапхана 

Кітап қоры – 5,8 миллион бірегей басылымды құрайды, оның ішінде XV-XVIII ғасырларға жататын 20 мың дана қолжазба, 100-ден астам тілдегі 900 мың ғылыми басылым бар. 

"Бұл – елдің зияткерлік қазынасы" деп есептейтін депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша ғимараттағы ауа баптау жүйесі жұмыс жасамайды, қыста суық, жазда ыстық, ылғалдылық деңгейі реттелмейді. Нәтижесінде, тарихи маңызы зор кітаптар үгітіліп, түптері ажырап, жоғалып барады.

"Мұндай қазынаны сақтап, оны зерттеу үшін білікті мамандар қажет. Кітапхана штатында 40 қызметкердің 20 жылдық тәжірибесі бар кітапханашылар 100 мың теңге жалақы алады. Елдегі кітапханашылардың жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді, алайда  Орталық ғылыми кітапхана «Ғылым ордасы» қарамағында болғандықтан, бұл мекеменің қызметкерлеріне басқа кітапханалардағы жалағының өсуі таралмайды", -деді депутат.


Ғылыми архив

Архив Қазақстан тарихының жазба мұралары сақталатын ұлттық маңызы бар қор. Бірақ бұл мекеме де тиісті деңгейде қорғалмаған деп отыр депутат Сүлейменова. Олның сөзінше білікті мамандардың жетіспеуі мен олардың төмен жалақысы салдарынан құнды тарихи құжаттарды цифрландыру тежеліп отыр. 

"Қазақстан ғылымы тарихы музейі, Күрделі жөндеуден кейін экспозицияны қайта құруға қаражат бөлінбеген. Заманауи жабдықтардың, цифрлық технологиялардың жоқтығы музей қызметінің сапасын төмендетіп, келушілер санын азайтуда.
Қызметкерлердің төмен жалақысы кәсіби мамандардың жұмыстан кетуіне әкеліп, музейді толыққанды ғылыми-ағартушылық мекеме ретінде дамытуға мүмкіндік болмай тұр", -дейді ол.


Депутаттардың ұсыныстары:

1. «Ғылым ордасы» кешенінің сақталуын қамтамасыз ету және оның одан әрі тұрақты қызметін дамыту мақсатында Үкімет арнайы жол картасын әзірлесін. Бұл жол картасына ғылыми архив, музей және кітапхананың статусы ғылыми мекеме ретінде бекітіліп, ғимараттарының инфрақұрылымын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар енгізілсін.

2. «Ғылым ордасы» құрамына енетін Ғылыми кітапхана, Ғылыми архив және Ғылыми мұражай қызметкерлерінің еңбегі ғылыми қызмет ретінде танылсын. Осыған сәйкес, олардың жалақысы, әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек жағдайлары ғылыми қызметкерлерге қойылатын талаптарға сай қарастырылып, тиісті қолдау шаралары жүзеге асырылсын. Сонымен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында сауықтыру жәрдемақысы мен басқа да әлеуметтік төлемдер жүйелі түрде қарастырылып, олардың тұрақты дамуы мен кәсіби өсуіне қажетті жағдайлар жасалсын.

3. «Ғылым ордасы» құрамына енетін Ғылыми архив пен Орталық ғылыми кітапхананың құжаттары заманауи талаптарға сай толық цифрландырылып, ғылыми мұрағаттардың қолжетімділігі мен сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылсын.


"Көтерілген мәселелер тек мәдениет пен ғылым саласының проблемасы емес – бұл еліміздің интеллектуалды мұрасын сақтап қалу мәселесі. Бұл мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды!" -деп Жұлдыз Сүлейменова Тамара Дүйсеновадан жедел және нақты шешімдер қабылдауды сұрады.