26 там, 2024 сағат 18:01

Тарихи-мәдени мұра – ұлттық бірегейлікті сақтау негізі


Ұлттық бірегейлігін сақтаған, тарихи-мәдени мұраларын дәріптеген елдің болмысы бөлек, болашағы зор. Содан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда осы мәселелерге айрықша назар аударды.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен насихаттауға, дәріптеуге шақырды. Әсіресе Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.

Бұдан бөлек осы маңызды жиында Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

Жалпы, жыл сайынғы Жолдаулар – ел дамуына түрткі болып отырған қозғалтқыш күш іспеттес. Онда мемлекеттің ілгерілеуіне ықпал ететін басты басымдықтар айқындалатыны белгілі. Сол секілді еліміздің әр өңірінде өтіп жүрген Ұлттық құрылтайлардың да көпшілік көңіліндегі түйткілдерді тап басып қоймай, оны реттеудің тиімді жолын, төте шешімін көрсететініне де көпшіліктің көзі жетті. Мәселен кезінде Рухани жаңғыру аясында сакральды география мен мәдени туризм бойынша талай құжаттар қабылданды. Жоғарыдағы Президент тапсырмалары да алдағы уақытта сапалы жүзеге ассын десек алдымен заманауи ұлттық құндылықтарды нақты анықтап алу керек. «Іс тетігі – кадрде» демекші, мұндай елдік мәселелердің тиімді атқарылуы бастаманың айналасына беделді және білікті мамандарды тартумен тығыз байланысты. Сондықтан, жобалар мен тапсырмалар орындалмай, орта жолда қалмасын десек, жоғары талапқа сай келетін мамандарға таңдау жасаған абзал. Бұған қоса мұндай жобаларды қаржыландыру тетіктерінің әділ болуы маңызды. Оған жасанды интеллекті мониторинг және әділқазылық жасасын. Әрі мұндай іс-әрекеттер максималды ашық, жария болғанда ғана кілең мықтылар Президент тапсырмасынан керемет нәтиже шығарар еді. 

Менің ойымша, алдағы президент жолдауында ұлттық бірегейлікті сақтауда ұлттық құндылықтарға қатысты киелі орындардың интерактивті картасын жасау, мәдени туризмді шынайы өркендету қажетті нақты тапсырмалар айтылуы керек-ақ. Сондай-ақ мәдени турзим жайлы отандық ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, жаңа мәдени туризм бағыттарының тарихын толықтыру да бұл салаға маңыз беретін іс.

Мемлекет басшысының биылғы жолдауында айтылуы тиіс тағы бір мәселе ол -  мәдени-тарихи орындар мен ескерткіштердің жай-күйі. Қазақстан аумағындағы мәдени маңызы бар тарихи орындар, ескерткіштер тізімін жаңартып, қосымша зерттеулер жүргізу арқылы жаңа тарихи, мәдени орындар қосылуы керек. Ондай жерлер әлі де жеткілікті. Сонымен бірге, қазіргі тізімде бар тарихи жерлер мен ескерткіштерді күтіп ұстау, күзету, жөндеуден өткізу, инфрақұрылым мәселесін шешу сынды мәдени турзимнің күрделі мәселелері де биылғы жолдауда көрініс табады деп үміттенеміз.

Алдағы жолдау көтерілуі тиіс мәселенің бірі -  ел аумағындағы тарихи-мәдени кешендер мен орындарға студенттер мен оқушыларды, халықты апарып таныстыру, қызықтыруға қатысты жүйелі жұмыс істейтін бағдарлама өте қажет. Бұл елшілдік пен отаншылдықты, мемлекетшілікті насихаттаудың төте бір жолы және ішкі туризмге серпін беретін әдіс. Сонымен бірге қазақтың көшпелі өмір дәстүрін көрсететін арнайы ұлттық бағдарлама туралы да жолдауда айтылуы тиіс. Қазір де көшпелі өмірдің жайлауға шығу, бие байлау, көкпар тарту, түйелі көш, киіз тігу, қыстауға қону және осыған байланысты ұлтымыздың көне дәстүрлері ұмытылып барады. Арнайы ұлттық бағдарлама болса, бұл туризмге тамаша бір жаңа бағыт боларсы сөзсіз. Алдағы жолдаудан осындай іргелі мәселелерге шешімді бағыт болар деп ойлаймын.

Тұрсын Хафизұлы Ғабитов,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
философия кафедрасының профессоры,
ҚР ӘҒА академигі, мәдениеттану профессоры