Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында осы тақырыпта жұмыс істейтін карикатурашылар арасында байқау ұйымдастыру керек.
Бұл туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Парасат жолы» жобасының таныстырылымында сатирик Көпен Әмірбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын «Ара» сатиралық журналының атын естіген адам елең ете қалар еді. Қоғам жақсы қасиеттерінен айырылып қалды. Статистикаға көз жүгіртсем, мыңнан астам мемлекеттік қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сол мемлекеттік қызметкерлер бізді сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырып жүрген жоқ па? Сонда біз кіммен күресуіміз керек? Қазір сыбайлас жемқорлықтың тамырын жоюға үндегендермен күресуімізге тура келеді», - дейді сатирик Көпен Әмірбек.
Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс атқарылып жатқанын, сол жұмыстардың бірі – бүгінгі кездесу екенін айтты.
«Былтыр 80 миллион тұрғыны бар Германияға барып қайттым. Ол жақта соңғы 30 жылда бірде бір шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Міне, қайдан үлгі алу керек! Ал біздің қоғамдағы жағдай қалай? Ақұштап Бақтыгереева дұрыс айтады, қазақтар баласын қалай тәрбиелеген? «Балам, ұят болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Қазақ халқында осы мәселеге қатысты қаншама мақал-мәтел, қанатты сөз бар», - дейді ол.
Ол сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін осы тақырыпта жұмыс істейтін карикатурашыларға арналған байқау ұйымдастыруға болатынын айтты.
«Бұл мәселеге сыни көзбен қарау керек, сол себепті «Ара» журналын қазіргі заман талабына сай жаңа форматта шығара бастау керек. Мысалы, сайт ашуға болады. Пара алатын, жекмқорлықпен айналысатындарға қатысты карикатурадан байқау өткізу керек. Сонда жұмыс алға басады. Ұсынысым орынды деп тапсаңыздар – мен қол ұшын созуға дайынмын», - дейді сатирик Көпен Әмірбек.