Димаш Құдайбергеновтің досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шәрімов Instagram әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде жас әншіміз туралы деректі фильм түсіруді ұсынды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Димаш туралы деректі фильм түсіруді ұсынамын - оның Қытайға келгендігі, осында өткізген уақыты және «жаңа» Димаштың пайда болуы туралы. Достар, қалай ойлайсыздар? Қызықты идеяларды ұсынғандармен жұмыс істейтін боламыз», - деді ол.
Астана уақытымен түнгі сағат 1-ге дейін жалғасқан тікелей эфир барысында Шәрімов қытайлық жанкүйер қыздардың бірқатар хаттарын оқып беріп, әнші бейнеленген портреттерді көрсетті. Ол Instagram-дағы жазылушылардың сұрақтарына жуап бере келе, өзі туралы да бірқатар мәліметтер беріп өтті.
Димаштың жеке өміріне қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Оған Шәрімов: «Димаштың басы бос, үйленбеген. Бұл тақырыпты жабайық», - деп қысқа қайырды.
Айта кетейік, отандасымыз Димаш Құдайбергеновтің аспан асты еліндегі танымалдылығы осы елдегі «Singer 2017» ән байқауына қатысудан басталды. Ол байқаудың алғашқы екі кезеңінде - бірінші, үшіншісінде 3-орын алып, милиардтаған жұртты өз өнеріне тәнті етті.
Оның қытайлық әлеуметтік желідегі жазушылар саны миллионнан асты, оған ақындар өлең-жырлар арнап, қыздар қазақша үйреніп, хаттар жазуда. Жанкүйерлер өз парақшаларын Димаштың суреттеріне толтыруда. Тіпті, Қытай дүкендерінде отандасымыздың келбеті бейнеленген бұйымдар, тұрмыстық заттар сатыла бастады.
Димаштың өнеріне тәнті болған әлемге танымал әнші Лара Фабиан онымен кездескісі келетінін айтты. Ал күні кеше ғана белгілі актер, кинорежиссер Джеки Чан Д.Құдайбергеновті кездесуге шақырып, әңгімелескен болатын.