26 мау, 2020 сағат 08:22

Талдықорғанда жазғы онлайн лагерь жұмыс істейді

Жазғы демалысты әр балғын қызықты әрі көңілді өткізуді қалайды. Тауға шығып, өзенге шомылып, достарымен әртүрлі танымдық жорықтарға, саяхаттарға барғысы келетіні анық.

Жазғы демалыс кезеңін тілдік мектептерге барып, хореографиямен, вокалмен, суретпен айналысып та тиімді өткізуге болады. Алайда биылғы жаз маусымында оқушылар  демалатын орындардың көбісі елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты жабық екені белгілі.

Осы уақытта бала үш ай бойы теледидар мен компьютердің алдына жіпсіз байланып отырмауы үшін Талдықорған қаласының Оқушылар сарайы жазғы онлайн-лагерь жұмысын ұйымдастырды. Осы орайда алты топ құрылып, әр топта 5-10 баладан қатысуда. Кіші топ бойынша бастауыш сынып оқушылары күніне екі сағаттан он күн онлайн режимінде демалды.

Бірінші маусым 1-14 маусым аралығында өтіп, қамту көрсеткіші 40-50 баланы құрады.

Жазғы онлайн-лагерьдің бірінші маусымының кешенді бағдарламасы екі бағыттан тұрды. Ол – ойын-сауық, тәрбиелік және танымдық бағыттар. Онда “Қазақстан – менің Отаным” және “Саяхат уақыты” тақырыптары қамтылды. Сонымен қатар, онлайн-лагерь бағдарламасында спорттық ойындар, түрлі байқаулар (сурет, қолөнер, вокал, хореография және басқа) қарастырылды.

Оқушылар сарайында жазғы демалыс сабақтары да онлайн режимінде өтуде. Белгілі бір уақытта педагогтар мен оқушылар компьютер немесе смартфон көмегімен байланысады. Бұл орайда онлайн-үйірмелер – домбыра, хореография, бейнелеу өнері, қолөнер, туризм, шахмат және тілдік мектептердің жұмыстары тоқтатылмай, жүргізілуде.

Жазғы онлайн-лагерьде өткізілген күндер балалардың есінде ұзақ сақталады және ұмытылмас әсерлерге, пайдалы істерге және жағымды естеліктерге толы болады деп сенеміз.

Алмагүл АРАПОВА,

Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары

Талдықорған қаласы