15 мам, 2020 сағат 11:05

Талдыкөлде демалыс аймағы салынады

Елорданың Талдыкөл көлі аумағында демалыс аймағы салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Талдыкөлге қатысты инвестициялық бағдарлама бар. Оны абаттандырып, демалыс аймағын жасаймыз. Ол өте тартымды жерге айналады. Бұл инвестициялық тұрғыда тартымды жоба болғандықтан инвесторлармен бірге барлығын тыңғылықты қарастыру қажет. Толықтай алғанда аталған ауданды дамытуға қатысты нақты пайымымыз бар», - деді аудан әкімі Facebook-тегі Астананың адалдық алаңы парақшасында өткен онлайн брифинг барысында. 

Еске салайық, Талдыкөл 1970 жылдан бері сарқынды суларды жинақтағыш болып табылады. Ұдайы ағып тұратын сарқынды сулар оның табиғи жағасын шайып кеткен. 1969 жылы көлдің айналасына жасанды бөгет салынып, ол Целиноград қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының бір бөлігіне айналды. Бүгінде Талдыкөл әлі де Астана қаласының тазартылған сарқынды суларын аккумуляциялауға арналған сыйымдылық болып табылады. Оның көлемі 65,5 миллион текше метр суды құрайды. 

2017 жылы «Талдыкөл» су жинақтағышын жоюды аяқтап, тазалау құрылғысы толық іске қосылды. Су тазаланғаннан кейін «Нұра-Есіл» арнасы арқылы Есіл өзеніне құйылады.