22 қаз, 2025 сағат 12:21

Суық тигенде ағзаны қалай қалпына келтіруге болады?

Фото: Ашық дереккөзден
Күз бен қыс айларында ауа райының құбылуына байланысты суық тию деректері жиілейді. Көп адам бұл кезеңде тұмау, жөтел, тамақ ауыруы сияқты белгілермен бетпе-бет келеді. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың асқынбауы үшін ағзаға дұрыс күтім жасау, жылы жүру және дұрыс тамақтану – ең маңыздысы.

Дұрыс демалу және ұйқыны реттеу адам денсаулығына өте маңызды. Тұмауратып немесе ЖРВИ болған кезде ағзаның иммундық жүйесі инфекциямен күресуге күш жинауы үшін тәулігіне 8–10 сағат ұйықтаған жөн екен. 

Сонымен қатар жылы су, шай (бал мен лимон қосылған), итмұрын тұнбасы, морс, сорпа сынды сұйықтық ішу маңызды. Бұл ағзадан уыттарды шығаруға және тамақтың құрғауын болдырмауға көмектеседі.

Суық тигенде жылы киініп жүру керектігін қазақ халқы бұрыннан біледі. Әсіресе аяқты жылы ұстау қажет екені айтылады. Сондай-ақ бөлме жылы, бірақ желдетілген болғаны жөн. Тұмау немесе ЖРВИ кезінде бөлменің ылғалдығы қалыпты болғаны өте маңызды. Қазіргі кезде көп үйде ауа ылғалдандырғыш бар.

Күздігүні ауа арқылы тарайтын түрлі вирустар мен инфекциялардың қозатыны да белгілі. Осы ретте дәрігерлер мұрын мен тамақты күту қажеттігін жиі айтады. Мұрын бітелсе — тұзды ерітіндімен шаю (мысалы, арнайы дәрі-дәрмек, немесе үй жағдайында: 1 стақан жылы суға ½ шай қасық тұз). Тамақ ауырса — тұзды сумен немесе түймедақ, ас содасы қосылған жылы ерітіндімен шаю кеңес етіледі.

Суық тигенде немесе тұмауратқанда жеңіл, құнарлы, әрі жылы тағамдар тұтынған маңызды. Осы уақытта сорпа, ботқа, көкөніс пісірмелері сияқты тағамдарды тұтынған абзал. С дәрумені көп өкөніс пен жеміс жесе тез айығуға мүмкіндік зор. Құрамында С дәруменге бай жеміс-жидектерге цитрус жемістері, итмұрын, қарақат, болгар бұрышы жатады. Ал суық су, балмұздақ және ащы тағам – тамақты тітіркендіреді.

Алайда осы уақытта темекі шегу, алкогольді ішімдік ішуден тыйылған жөн. Себебі олар ағзаның қалпына келуін баяулатады.

Дәрігердің кеңесінсіз өз бетіңізше дәрі-дәрмек ішу немесе емделмей ұзақ жүру қауіпті екенін де ескерген жөн. Сонымен қатар халық еміне жүгінгенде де абай болыңыз! Ең дұрысы маманның кеңесін алу.