26 мау, 2021 сағат 17:30

Сума Чакрабарти Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелеріне кеңестерін берді


Елордада Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерінің клубы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Клубтың бүгінгі алғашқы қонағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі, Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары және Еуропа қайта құру және даму банкінің экс-президенті Сэр Сума Чакрабарти болды. 

Сума Чакрабарти өзінің жұмысы туралы егжей-тегжейлі баяндап, көшбасшылық туралы пайымдарын ортаға салды, клуб мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Президент кеңесшісі әңгіме барысында елдегі жаңғыру процестеріндегі жастардың рөліне көбірек тоқталды. 

«Сіздер бүгіннің өзінде көшбасшысыздар. Одан да маңыздысы, келекшектің көшбасшысысыздар», - деп бастады әңгімесін Сер Чакрабарти. 

Екі сағатқа созылған сұхбат барысында Сума Чакрабарти клуб мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, стратегиялық жоспарлау, аумақтық даму, мемлекеттік басқару жүйесі, Қазақстан экономикасына инвестициялардың ұлғаюы және басқа да тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері Сэр Чакрабартидің сараптамалық пікірін қорытып, талқыланған мәселелер мен ұсыныстарды іске асыру тетігін қосымша қарастырып, дайындауды жоспарлап отыр. 

«Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері – Қазақстанның патриот азаматттары. Қоғамның әл-ауқатын арттыру және өмір сүру сапасын жақсартуды, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін қамтамасыз етуді бірінші орынға қоямыз. Ол үшін біз барлық қолжетімді сындарлы алаңдарды ашық диалог ретінде пайдалануға дайынбыз. Біздің резервтегі әріптестеріміз өскелең ұрпақ пен алдыңғы буын арасындағы, мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буынның рөлін атқарып отыр. Мемлекеттік қызметтің алаңында жүргендіктен процестердегі, стратегиялардағы қиындықтарды көріп, түсініп отырмыз және осы өзгерістерге өз үлесімізді қоса аламыз», - дейді клуб модераторы Айдын Байедилов.

Клуб мүшелері де бұл кездесу көкейдегі көптеген сауалға жауап бергенін айтады. 

«Жалпы, ашық және тағлымды әңгіме өрбіді. Мұнда айтылған негізгі идеялар болашақта қабылданатын шешімдерге негіз болады. Бұл біздің резерв мүшелерін ынталандырады және шабыттандырады», - дейді жас маман Әсел Сәрсенбаева. 

Резервтің тағы бір мүшесі Алмат Ахматолла да өз ойын айтты. 

«Президенттік жастар кадрлық резерві бастамашыл жастарды біріктіріп, оларға Қазақстандағы үдерістер мен тұрақты дамуды одан әрі жетілдіру үшін байланыс, пікір алмасу алаңын ұсынып», - дейді Алмат. 

Ұйымдастырушылар шараны коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуды көздейтін барлық санитарлық-профилактикалық шараларды сақтай отырып өткізгенін айту керек.