10 шіл, 2025 сағат 11:24

Суды үнемдеу – әр отбасының қолынан келеді: Министрлік тиімді кеңестер ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда тұрмыстық жағдайда суды үнемдеудің жаңа әдістемелік ұсыныстары әзірленді, деп хабарлайды Ult.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған кеңестер суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Министрлік мәліметінше, қарапайым ережелерді сақтау арқылы алты адамнан тұратын бір отбасы жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады.

Ұсынылған кеңестер қатарында:

  • кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық жүктемемен қосу;

  • тіс тазалағанда кранды жауып, стақанмен су ішу;

  • ваннаның орнына қысқа душ қабылдау;

  • көкөніс пен жемістерді ағып тұрған судың орнына ыдыста жуу;

  • автоматты сенсорлы крандарды қолдану;

  • унитаздарға екі деңгейлі су жіберу жүйесін орнату;

  • судың қысымын реттейтін аэраторларды пайдалану;

  • ақауы бар крандарды дер кезінде жөндеу секілді күнделікті қолдануға болатын қарапайым, бірақ тиімді әдістер бар.

Министрлік бұл ұсыныстарды халыққа кеңінен тарату үшін көшелерде, мектептер мен университеттерде, вокзалдар мен әуежайларда ақпараттық баннерлер орналастыруды жоспарлап отыр.

«Біз тұрмыста суды үнемдеудің маңызын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді. Әрбір азамат елдің су ресурстарын сақтауға үлес қоса алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар суды үнемдеу – оңай әрі тиімді екенін көрсетіп отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Министрлік алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ұсыныстарды еліміздің барлық өңірлеріне жеткізуді көздеп отыр.