12 мам, 2020 сағат 14:33

Су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдық 152 оқушы шипажайға аттанды

Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен ауылдардың балалары емдік-сауықтыру шипажайына аттанды. Жеткіншектер дәрігерлік есепте тұрған және көпбалалы отбасынан шыққан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Игілікті іске Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы ұйытқы болып отыр. Жеңіс, Нұрлы жол, Жантақсай, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Фердауси елдімекендерінде тұратын оқушыларді жеткізу бірқатар медицина қызметкерлеріне жүктелді. Яғни, оқушыларды шығарып салу үшін барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынып, жол полициясы мен жедел жәрдем қызметі де жұмылдырылған. 

Оқушыларды шығарып салу шарасына қатысқан Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев балалардың қашықтықтан оқытылатынын және еш кедергісіз оқу жылын аяқтап шығатынын атап өтті. 

Айта кетейік, қазіргі таңда топан судан зардап шеккен 5 ауылдың 2600-ден аса тұрғыны Атакент кентіндегі 8 эвакуациялық пунктіге жайғасқан. Оның ішінде 770-і - мектеп оқушылары болса, 256-сы - мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер. Қалған эвакуацияланған тұрғындар ағайын-туыстарының үйнде тұрып жатыр. 

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспанасы толық бітіп, жаңа қонысқа жайғасқанша олардың балалары еліміздегі демалыс-сауықтыру лагерлеріне жолдау жоспарланып отыр. 

Бүгін 152 оқушыдан бөлек, эвакуацияланған тұрғындардың арасынан 47 зейнеткер мен созылмалы ауруы бар бір топ науқас «Біркөлік» оңалту кешеніне демалысқа жіберілді. Алдағы екі аптада оларға да ем-дом шаралары көрсетілмек.