06 қар, 2020 сағат 11:31

Су тасқыны қаупін төмендетудің жаңа жол картасын әзірлеу қажет - Юрий Ильин

2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жаңа жол картасын әзірлеу қажет. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін төмендету жөніндегі жаңа жол картасын әзірлеу қажет деп санаймыз. Жалпы, соңғы 3 жылда бағдарламалық құжаттар аясында 515 шақырым қорғаныс бөгеті салынып, 500 шақырымнан астам қорғаныс құрылғылары жөнделді. Су тасу қаупі бар өзендердің 530 шақырымнан астам арнасында түбін тереңдету, жағалауларын нығайту жұмыстары жүргізілді», - деді ол Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалығымен өткен Үкімет сағатында. 

Оның атап өтуінше, бұл шаралар 458 елді мекенді су басу қаупін жойып, 284 елді мекенге төнетін қатерді төмендетті. Дегенмен, ауа райына байланысты су басу қаупі өте жоғары әлі де 309 елді мекен қалып отыр. 

«Маусымдық су тасқынымен күресу үшін республикалық, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі азаматтық қорғанысты басқару органдары төтенше жағдайларға арналған жедел басқару және әрекет ету жүйесін әзірлеп, елді мекенді, нысандар мен аумақтарды инженерлік қорғауды қамтамасыз етуі тиіс», - деді министр.