Су тасқыны болған аймаққа Шымкенттен қосымша құтқарушылар келді. Шымкент қалалық ТЖД бүгін Мақтаарал ауданына арнайы және қосалқы техникалар мен жеке құрамды жіберген болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шымкенттен келген төтенше жағдайлар қызметкерлері су басқан елдімекендерде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті. Олар көмекке жіберілген АСО 20, АЦ – 2, УАЗ маркалы 4 техника, МП-100 маркалы 6 мотопомпа техникаларымен тұрғындарға қолғабыс етуде.
Айта кетейік, бұған дейін су тасқыны болған ауданға Шымкент қаласынан авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 40 адам келген болатын. Оларға департамент тарапынан 8 техника мен 1 квадрокоптер және 4 дана жүзу құралдары мен моторлы және 3 үрмелі қайық берілген.
Екінші эшелон есебімен жолданған қызметкерлер бес күн ішінде су басқан елдімекендерде 70-ке тарта адамды құтқарған. Олардың мүліктерін қауіпсіз жерге көшіріп, эвакуациялау жұмыстарына атсалысуда. Сондай-ақ, ірі және ұсақ малдарды басқа жайылымдарға тасыған. Ал, жергілікті атқарушы органдар тарапынан инженерлік жұмыстарын жүргізу үшін 30 арнайы техника бөлінген.