15 жел, 2020 сағат 10:35

Студенттерге шәкіртақы төлеу жүйесі өзгереді

Алдағы уақытта шәкіртақы университет арқылы емес студенттерге тікелей төленетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шәкіртақы төлеу жүйесін өзгертуге қатысты нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Біз қазір біраз нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауымыз керек. Содан кейін, мүмкін, келесі жылдың басында шәкіртақы төлеудің жаңа жүйесіне көшеміз. Сонда университеттер арқылы шәкіртақы төленбей. Нақты шәкіртақы әр студентке тікелей төленетін жүйеге көшуіміз қажет», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.

Сонымен қатар министр аталған жаңа жүйеге қатысты тиісті іс-шаралар қабылдану үстінде екендігін баса айтты.

«Бұлардан өзде де проблемалық мәселелер бар. Оның бәрін біз білеміз. Сондықтан ол мәселелерге қайтып келіп, тағы бір мәрте қарастырамыз. Бүгін айтылған ұсыныстар бойынша тиісті зерттеу-талдама жұмысын жүргізуіміз керек. Одан кейін нақты іс-шараларды бекітіп, қалай болғанда да бұл пробламаларды шешу қажет», - деді ол.