ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті коронавирусқа қарсы ресейлік «Гам-Ковид-Вак» («Спутник V») жаңа вакцинасының ерекшеліктері туралы айтып берді. Қазіргі уақытта вакцинаны сақтау және логистика мәселесі шешілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Гам-Ковид-Вак» («Спутник V») коронавирусқа қарсы векторлық вакцинаны Ресейдің Н. Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы әзірледі. Қарағанды фармацевтикалық кешені осы вакцинаны шығаратын алаң ретінде таңдалды. Бүгінгі таңда логистика мәселесі шешілуде, өйткені «Спутник V» вакцинасының басты ерекшелігі – ампулаларды -20 градус температурада сақтау керек.
«Өндіріс технологиясының ерекшелігі – өнімді шұғыл мұздату қажеттілігінде. Температура мен уақыттың белгілі бір кестесі бар. Алдымен флакон 0 градусқа дейін салқындатылады. Содан кейін -35 гардуспен желдеткіштер арқылы жылдам мұздатылады, ол бір сағат ішінде қатып қалуы тиіс. Содан кейін біз оларды қораптарға салып, тоңазытқыш камераларға саламыз», - деп түсіндірді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон.
Осы мақсатта қарағандылық компания арнайы өндірістік тоңазытқыштарды сатып алған.
Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны медициналық мекемелерге жеткізу мәселесін ойластыруда.
«Мемлекет басшылары аталған вакцинаны ҚР-да шығару туралы уағдаласқан кезде Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары бастаған жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта біз осы мәселелердің барлығын әлі де пысықтап жатырмыз. Рекордты қысқа мерзімде тәжірибелі серияның жұмысы жолға қойылды. Ал қазір вакцинаны төмен температурада сақтау керектігін ескере отырып, сақтау және логистика мәселелері пысықталуда. Айта кету керек, бізде бірыңғай дистрибьютор бар, олардың хабтарында тоңазытқыш қондырғылары бар. Ал егу кабинеттеріне дейін жеткізу мәселесін өңірлер мен қалалардың Денсаулық сақтау басқармалары шешеді. Вакциналарды сақтау үшін термобокстар сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда», - деп түсіндірді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.