06 қаз, 2020 сағат 22:06

Спорттық гимнастикадан Әлем кубогі: Қазақстандықтар 4 медаль еншіледі

Венгрияның Сомбатхей қаласында спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңі аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Мажар елінде өткен байрақты дода Қазақстан спортшылары үшін жемісті өтті. Ел гимнастары төрт медаль еншілесе, соның ішінде Нариман Құрбанов жеңістің жоғарғы сатысынан көрінді. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, Венгриядағы әлем кубогі кезеңіне 14 елдің кіл мықты спортшылары қатысты. 

«Азия құрлығынан тек Қазақстан ғана бардық. Израиль, Франция, Беларусь, Грекия мен Словакия спортшылары өтінім бергенімен, індетке байланысты келе алмады. Ерлер арасындағы сында әрбір снарядта 10 мен 20 аралығында гимнастар бақ сынады. Ал финалға тек 8 спортшы жолдама алатыны белгілі. Жарысқа қатысқан танымал спортшылар қатарында Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионаты мен Еуропа ойындарының және әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Атап айтар болсақ, Мариан Драгулеску(Румыния), Филипп Уде (Хорватия), Тин Сирбич (Хорватия), Петро Пахнюк (Украина), Роберт Селигман (Хорватия), Рок Клавора (Словения), Максим Дженкинс (Бельгия) және тағы басқалары біздің спортшыларға қарсылас атанды», - дейді бас бапкер. 

Қазақстан намысын қорғаған Нариман Құрбанов, Ілияс Азизов пен Милад Карими бірнеше жаттығу бойынша финалға жолдама алды. 

Нариман гимнастикалық ат снарядында іріктеуде де, финалда да озық шықты. Алтын жүлдеге таласта ол Хорватия және Албания спортшыларынан басым түсті. Тағы бір жас спортшы 

Ілияс Азизов еркін жаттығуда бесінші нәтижемен финалға өтіп, шешуші сында күміс медальді місе тұтты. 

Еркін жаттығудағы іріктеу сынын бірінші орынмен аяқтаған Милад Карими финалда қателік жіберді. Ол бірінші және соңғы акробатикалық әдістерді орындау кезінде жүлдеден қағылды. Алайда Милад қоссырық пен кермедегі жаттығуда күміс медальға қол созды.