Коллаж: Caravan.kz
Күні кеше дзюдошы Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтардың Олимпиададағы жеңісі күллі қазақ халқын қуанышқа бөледі. Туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз Париж төрінде шырқалды. Алайда, жеңіс бар жерде жеңіліс те бар. Боксшы Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуінде қарсыласына есе жіберді. Бұл сәтсіздігіне журналистерге берген сұхбатында "Аллаһтың қалауы солай болды" деген уәж айтты. Мұндай ақталу Желі қолданушылары арасында спорт саласындағы бұрыннан өзекті мәселе - діни радикализм тақырыбын көтеруге себеп болды.
Мәселен, блогер Ербол Жанатұлы танымал спортшыларды "қаба сақал, қырма мұрт" қауым құшағына басып алғаны ешкімді алаңдатпай жатқанын жазды. Мемлекеттің, салық төлеушілердің қаржысымен бала кезден бапталып, биікке жеткен спортшы - халық өкілі, халық перзенті. Ондай дайын "өнімді" Бекболат, Мұхаметжандар өз "дінінің" пиарына пайдаланып жатқанына мән бермейміз, дейді ол.
"Елдос кеше "Олимпиада чемпионы болу тағдырыма жазылған екен" деді. Үндемедік. Себебі ол - чемпион. Ал біздің санамыз атақты мен билігі бар адамды сынай алмайды.
Асланбек жеңіліп қалғанда "Аллаһтың қалауы солай болды" деді. Сынадық. Себебі біздің санамыз әлсіз бен жеңілгендерді таптап өтіп, үстіне жуынды құйып кетуге бейім. Бұл — жас спортшыларға жасырын месседж. "Біздің діндегілер ғана осындай жетістікке жетеді" деген ым. "Мықтылардың бәрі біздің қатарымызда!" деген ишара", - деп жазды блогер.
Оның айтуынша спортшыда көбіне мұндайлардың ара-жігін ажырата алатын сана болмайды. Спортшы - көп шыныққан дене, тәсілдерді көп қайталап, бапталған тән иесі. Оның 24 сағатының көп бөлігі физикалық дайындыққа жұмсалған.
"Спортшы - діни идеологиялардан қорғауға мұқтаж адам! "Жат діни идеологиядан бәрімізді қорғаушы - мемлекет! Жағдай осындай", - деген ойда блогер.
Журналист Арман Әубәкір де осы пікірді қостады. Ол да спорт саласын жат діни идеология жаулап алған дегенді айтады.
"Спортшылардың тарих пен мәдениетті, саясатты білуі өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, олардың құрулы тұрған тұзаққа түсуі оп-оңай. Елдос алтын алған күні "біздің жамағаттың өкілі жеңіске жетті" деп мақтанғандай оның сәжде жасап жатқан суретін жарыса таратқандар кімдер? Сәждеге басын тигізген адам осындай жетістікке жетеді дегендей ишара, астыртын идеологиялық насихат қатты жүрді. Егер мәселе дінде болса, өткен жолғы олимпиадада неге бір алтын алмадық? "Аллаһтың қалауымен" деп барлығы сақал сипап құр қайтқан жоқ па?", - деп жазды Арман Әубәкір.
Ол Елдостың жеңісі Аллаһтың емес, еңбектің арқасы дегенді насихаттауымыз керек дейді.
"Рас, Елдос табанды жігіт. Қажырлы еңбегімен асу бермес белесті бағындырды. Өз-өзін дәлелдеді. Аллаһтың емес, еңбектің арқасы. Дайындалмаса, үздіксіз жаттықпаса, Аллаһ оған дым да бермес еді. Дін жолында болса да, болмаса да әрбір қазақтың жетістігіне қуанамыз. Өйткені біз ең бірінші қазақпыз. Ал енді оны жалпы қазақтан бөлектеп, жамағаттың өкілі ретінде идеологиялық насихат құралына айналдыру - аса қауіпті үрдіс. Онсыз да дін шырмауына түскен спорт саласын одан сайын қара тұнекке батыру десек те болады.
Бәріміз бір қазақпыз. Әруақ деп бабаларымыз жауға шапқан. Тегімізді, тамырымызды ұмытпайық. Спортшыларға тарих пен ұлттық мәдениетті оқыту керек-ау", - деп пікір білдірді журналист.